BasNewsЖаңалықтар

Алматы мен екі облыста террористік қауіптің «қызғылт сары» деңгейі белгіленді

Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында терроризмге қарсы операция режимі аяқталып, террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі алынды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штаб мәлімдеді.

«Осы уақыттан бастап көрсетілген өңірлерде террористік қауіптің жоғары «қызғылт сары» деңгейі сақталады», – делінген хабарламада.

26 қаңтар сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысының Балқаш қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында террористік қауіптің қалыпты «сары» деңгейі алынады.

«Құқық қорғау және арнайы органдар жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен қатысушыларын, мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасауға және қару-жарақтарды тонауға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жалғастыруда», – делінген штабтың хабарламасында.

Айта кетейік, террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейінде құқық қорғау органдарына қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында көлік құралдарын тексеріп, қарауға рұқсат етіледі.

Жедел штаб тұрғындардан заңдылықты сақтауды, арнайы және құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды сұрады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button