Еңбек министрлігі зейнет жасына жақындаған адамдарға жұмыс тауып береді
Қазақстанда зейнетке дейінгі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін бағдарлама енгізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Зейнет жасына дейінгі жұмыссыздарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бастама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізіледі. Жыл сайын бұл жоба 5 мың адамды қамтиды деп жоспарланып отыр», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Қазір «Күміс жас» жобасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акті әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.
«Жұмыс берушілер мен қызметкерлерге бірқатар талап қойылады. Жобаға бір жылдан аса уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты салық, басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізген, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорын мен ұйым қатысады.
Жоба бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайы зиян және (немесе) қауіпті жұмыстарда, ұлттық кәсіпке сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар/кәсіптер бойынша құрылмайды», – деді министрлік қызметкері.



