BasNewsЖаңалықтарПікір

Омар Жәлел: «Қыздарға оқу оқығанша бала туу керек»

Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы қыздарды оқуға емес, бала тууға шақырған. Бұл туралы ол қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс кезінде айтқан, деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.

«Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу. Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, біз не істейміз? Әлбетте, тастай саламыз», – деген Жәлел дәріс оқу барысында.

Абайтанушының бұлай деуі оқушы қыздардың ашуын туғызды.

Тіпті 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбек әлеуметтік желіде пост жазып, Жәлелдің сөзімен келіспейтінін білдірген. Ол әйелдерді өз құқықтарын қорғауға шақырды.

Оқушы қыздың позициясын білім беру ұйымының әкімшілігі де қолдап отыр.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Тараз қаласындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбектің ұстанымын қолдайды және оның Instagram желісіндегі қыздардың заманауи қоғамдағы миссиясы туралы жазбасымен келіседі», – деп мәлімдеді НЗМ өңірлік филиалынан.

Айта кетсек, Омар Жәлел қазақстандықтарға шулы мәлімдемелерімен танымал. Абайтанушының сұхбаттары БАҚ беттерінде жиі жарық көріп тұрады. Мәселен, жуырда ол қыздарды тауарға теңеп, елдің талқысына түсті.

Back to top button