Ақмола облысында боранда жолда қалған 85 адам құтқарылды

Ақмола облысында боранда жолда қалған 85 адам құтқарылды, оның 19 бала, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Облыс аумағында 7 және 8 наурыз аралығында ақтүтек боран болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалған 85 адам құтқарылды, оның 19-ы бала. Балалар арасында бір жасқа дейінгі сәбилер де бар. Өрт сөндіруші-құтқарушылардың жедел іс-қимылдарының арқасында жолаушылар жылыту орындарына эвакуацияланды. Құтқару жұмыстары Бурабай және Аршалы аудандарында жүргізілді, құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеді», — деді ведомстводан.
Осы ретте, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ақмолалықтарға жолдардың жабылуы туралы смс-хабарлама алған кезде жолға шықпауға кеңес береді. Айта кетсек, наурыздың 7-де Шортанды ауданының Бозайғыр ауылы маңында, яғни «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолында жаппай жол-көлік оқиғасы орын алған болатын.


