Әйелін қызғанған күйеуі оны ұрып өлтірді
Алматы облысында үйіне оралған вахта қызметкері әйелін аяусыз ұрып өлтірді. Ер адамның мұндай әрекетке баруына қызғаныш себеп болған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Аталмыш дерек Талғар ауданындағы ауылдардың бірінде тіркелген. Анықталғандай, іссапардан келген үйдің отағасы әйелінің – мас, ал балаларының тамақ ішпегенін көрген.
Үйдегі жағдайға ашуланған ол жанжал шығарып, әйелін көзіне шөп салды деп айыптаған. Кейін аяусыз соққыға жыққан. Түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген әйел есін жимастан көз жұмды.
«Ер адам ұсталып, қамауға алынды. Қазір Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлімі бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр», – деді Талғар аудандық полициясында.
Ведомствода істі жан-жақты тергеу үшін сәйкес сараптамалардың тағайындалғанын қосып өтті.


