Путин Зеленскиймен кездесуге қарсы емес
Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеген, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу бүгін өткен баспасөз конференциясында хабарлаған.
Чавушоглуның сөзінше, Түркия Ресей мен Украина президенттерінің кездесуін ұйымдастыру үшін бар күшін салады.
«Соғыс басталғанға дейін бізде мұндай талпыныс болды. Жалпы алғанда, Путин біздің президентімізбен телефон арқылы келіссөздер жүргізу кезінде мұндай кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеді… Украиналық тарап дайын», – деп келтіреді басылым Түркия СІМ басшысының сөзін.
Осы ретте, Чаушоглу Беларусьте техникалық келіссөздер жүріп жатқанын еске салды.
«Екінші жағынан, біз де қолдайтын басқа арналардың талпыныстары бар», – деді ол.



