Шымкенттегі жантүршігерлік жол апаты: үш адам көз жұмып, жетеуі жарақат алды
Шымкентте үш адам жантүршігерлік жол апатынан оқиға орнында қаза тапты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Жол апатынан тағы жеті адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Оқиға наурыздың 21-інде сағат түнгі 2 жарымдар шамасында Әл-Фараби көшесі мен Алматы бағытындағы тас жолдың қиылысында болған.
Hyundai Starex, Toyota және Daewoo Gentra соқтығысқан. Қатты соққының салдарынан бірнеше адам көлік сыртына шығып кеткен. Үш адам оқиға орнында мерт болды.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметінше, оқиға орнына 5 жедел жәрдем бригадасы шұғыл түрде жеткен.
«Жедел жәрдем қызметіне түнгі сағат 02.32-де шақырту келіп түсті. Бес бригада оқиға орнына шықты. Ересек бес адам №1 клиникалық ауруханаға, екі бала балалар ауруханасына жатқызылды. Ересек адамдардың үшеуінің жағдайы ауыр болатын. Қазір барлық науқас дәрігерлер бақылауында», — деді басқарманың баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына өрт сөндіру қызметі дер кезінде жетіпті. Қатты соққыдан көліктің бірінен жанармай сыртқа ағып, өртене бастаған.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.



