Бокстан Азия чемпионатының қарағандылық жүлдегерлері марапатталды

Жуырда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионатында сегіз жүлдеге ие болған қарағандылық спортшылар материалдық марапатқа ие болды. Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, ерекше көзге түскен боксшылардың жаттықтырушылары да жалақыға үстеме алады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қайтып оралғаннан кейін Әбдіров атындағы спорт сарайында құттықтады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев оларға алғыс хаттар табыстап, жаңа жеңістер тіледі.

Жыл ішінде төленетін ай сайынғы ақшалай қаражат: жастарға бірінші орын үшін – 100 мың, екінші орын үшін – 90 мың, үшінші орын үшін – 75 мың теңге; юниорларға бірінші орын үшін – 90 мың, екінші орын үшін – 75 мың, үшінші орын үшін – 60 мың теңге. Жаттықтырушылар негізгі жалақыға ай сайын 15 мың теңге көлемінде қосымша ақы алатын болады.

Айта кетейік, жыл сайын ай сайынғы ақшалай қаражат артып келеді. Бұл спортшылардың ұлттық құрамада қалып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне жақсы ынталандыру болып табылады.



