BasNewsЖаңалықтар

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

«Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалсын», – делінген Ақорда жариялаған жарлықта.

Бұған дейін Қызылорда облысын Гүлшара Әбдіқалықова басқарған болатын.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі лауазымынан босатылды.

Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы 1976 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген ол өзінің еңбек жолын «Казахойл-коммерция» серіктестігінде мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған.

Кейін «Бұлақ» ЖШС директорының орынбасары, «Стандарт ОйлБейс» және «Стандарт ОйлТрейдинг» ЖШС-лерінің директоры, «СтандартГаз» ЖШС директорының орынбасары, «ХаррикейнОйлПродактс» ШАҚ Қызылорда бөлімшесінің директоры, «ҚызылордаМұнайСервис» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған.

2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы болды. Ал 2008-2013 жылдары Шиелі ауданын басқарған.

2013 жыл Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалды.

2021 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Ашық дереккөздерде оның бұрынғы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың туған інісі екені жазылған.

Back to top button