BasNewsЖаңалықтар

Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы іске қосылды

Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы іске қосылды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы қалада 15 мың үй жануарын қамту жоспарда. Чиптеу рәсімін шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық ветеринариялық қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ветеринариялық дәрігерлері жүргізеді.

Жануарлардың иелеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында ветеринариялық қызмет жеке сектордың әр ауласын аралап жүріп қарауды және аудан әкімдіктерімен бірлесіп чиптеу бойынша көшпелі бригадалардың жұмысын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Алматы қаласының кез келген тұрғыны ветеринарлық қызметтің Call-орталығына +7 708 595 64 01 телефоны арқылы өтініш беріп, үй жануарларын чиптей алады. Жануарлардың жас шектеуі: екі айға толуы керек», – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала әкімшілігі қаңғыбас жануарлардың көбеюіне қарсы күресте чиптеу процедурасының ең тиімді шара екенін атап өтті. Қаңғыбас жануарлардың санына әсер ететін факторлардың арасында үй жануарларын көшеге тастап кету мен оларды бақылаусыз өсіру жағдайлары бар.

Back to top button