Қарағандыда цифрлық технологиялардың артықшылықтары туралы айтылды

Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасау саласына цифрландыру енгізілді. Құқықтық ақпарат электрондық форматқа көшірілді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Оның Қарағанды облысында қалай жұмыс істейтіні туралы аппараттық кеңесте айтылды.
– Өткен жылдан бастап «Е-өтініш» жүйесі енгізілді, ол өтініштерді қараудың жеделдігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшыларында әкімшілік процедураның бүкіл процесін бақылауға мүмкіндік бар. Жүйе адресатты автоматты түрде анықтаумен қатар, өтініш берушілердің өтініштері бойынша бүкіл тарихты қамтиды және мемлекеттік органдарға талдау жүргізуге мүмкіндік беретін құралдарды қамтиды, – деп түсіндірді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының басшысы Жұлдыз Бұламбекова.
Ведомствоның мәліметінше, бірінші тоқсанда электронды жүйеде 22 018 өтініш тіркелген.
Цифрлық технологиялар мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен тиімділігін, ақпараттың қолжетімділігін, ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жеделдігі мен сапасын арттырады.
Кәсіпкерлік субъектілерін тексеру рәсімі автоматтандырылды. Осылайша, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды.
Құқық қорғау органдарындағы қағаз жұмысы қысқарғаны атап өтілді. Цифрландыру сотқа дейінгі тергеуде, қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізуде енгізілген. Мысалы, ӘҚБТ жүйесі бірнеше рет басу арқылы электрондық хаттаманы құрайды.
Сонымен қатар, құқық қорғау және арнайы органдар арасында автоматтандырылған ақпарат алмасу қамтамасыз етілді. 26 мемлекеттік органның 87 дерекқоры біріктірілген.
Түрлі геоақпараттық карталар мен сервистер әзірленді: апаттылық, қылмыс картасы, айыппұлдар, алимент бойынша борышкерлер, адамдарды іздеу және т. б. туралы мәліметтер.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек цифрлық технологияларды сапалы пайдалану жөнінде тапсырма берді.
– Кез-келген автоматтандырылған ақпараттық жүйенің мақсаты – жұмыс процестерін оңтайландыру, бюрократизация, жылдам нәтиже алу. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінетін мәселелерін жедел шешудің маңызды құралы, – деп атап өтті аймақ басшысы.