BasNewsЖаңалықтар

Тоқаев проваслав дініндегі қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев проваслав дініндегі қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бұл күннің діндарлар үшін ерекше қуанышты күн екенін атап өткен.

«Еліміздің православ христиандарын Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – діндарлар үшін үміт пен сенімге толы, ерекше қуанышты күн. Пасха мейрамы жұртшылықты ізгілікті істер жасауға ынталандырады, жақындарына жанашырлықпен қарап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге жетелейді.

Біздің мәдениетімізбен тығыз астасып, үйлесім тапқан пасха дәстүрлері барлық этнос және діни наным өкілдерін бауырластыра түседі. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға септігін тигізеді.

Пасха мейрамы әр шаңырақты шаттыққа толтырып, бақытқа бөлесін!

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», – делінген сайтта.

Пасха мерекесі қарсаңында барлық шіркеулерде түні бойы діни шерулер өткен.
Пасха – тәттілермен бөлісетін күн. Оразадан кейін бұл күні дастарханға түрлі дәмді тағамдар қойылады.

Back to top button