Нұра ауданында екі отбасыға пәтер кілті табысталды

Нұра ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кезекте тұрған екі отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды. Нұра кентінде бой көтерген екі пәтерлі үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Айгүл Нұрпейісова үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Әйел 13 жыл бұрын тұрғын үй алу үшін кезекке тұрғанын айтады. Осыған дейін бірнеше жылдар бойы ол балаларымен бірге ата-анасының үйінде тұрған.
– Балаларымның өз үйі болатынына өте қуаныштымын. Бізге екі пәтерлі үйдің бір басынан үш бөлмелі баспана берді. Ол өте жарық, жайлы, барлық жерде керме төбелер, бөлек ванна бөлмесі бар. Әсіресе, от жағатын бөлменің бөлек есігі бары қуантты. Біз бір айдың ішінде қоныстануды жоспарлап отырмыз, – деді Айгүл Нұрпейісова.
Нұра ауданында 2020 жылдан бастап 20 екі пәтерлі үйдің құрлысы басталды. Мердігер компания олардың 17-ін аяқтады, үш үй әлі салынып жатыр.
– Өткен жылы кезекте тұрған отбасыларға сегіз үйді тапсырдық. Биыл, Наурыз мейрамында екі үй және Бірлік күні қарсаңында тағы бір үй тапсырылды. Әрлеу жұмыстары аяқталған соң және мердігер ұсақ келеңсіздіктерді жойған бетте біз баспанаға мұқтаж адамдарды дайын үйлерге орналастырамыз. Мамыр мерекелерінде олардың барлығы қоныстанатын болады, – деп атап өтті Нұра ауданының ТКШ бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаев.
Бүгінгі күні Нұра ауданында тұрғын үй алу кезегінде 457 адам тұр.