BasNewsЖаңалықтар

Қарағанды облысында дала өрттерімен күресу үшін 505 ерікті құрылым құрылды

Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою үшін Қарағанды облысында штаб жұмыс істейді және құрамына ТЖД, полиция және қалалар мен аудандар әкімдіктерінің қызметкерлері кіретін 56 мобильді топ құрылды. Сондай-ақ 505 ерікті өртке қарсы құрамалар құрылды. Сәуір айының басынан бастап құтқарушылар 160-тан астам рейд жүргізді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі

Су тасқыны аяқталып, енді кезекте өрт маусымы басталды. Қарағанды облысы апатпен күреске қалай дайындалғандығы туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен ТЖ комиссиясының отырысында Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов баяндады.

2021 жылы 2022–2024 жылдарға арналған өртпен күресу қызметтерін материалдық-техникалық жабдықтау бойынша жоспар әзірленді.

Дала өрттеріне ден қою үшін 505 ерікті өртке қарсы құралымдар құрылды. Олардың иелігінде екі мыңнан астам бейімделген техника және 60-тан астам мотопомпа бар.

– Нұра ауданында табиғи өрттерге ден қоюдың оң динамикасы жою жоспарында да, өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарында да байқалады, – деп атап өтті бас құтқарушы. – Қазіргі уақытта мұнда 12 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Ерікті өрт жасақтары өз бетінше болған өрттердің 50%-ын жойды.

Облыс аумағында 46 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Олардың қорғауында 55 мыңнан астам адам тұратын 85 елді мекен бар. Биыл Ақтоғай, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарында қосымша бекеттер ашылады.

Бекеттерді жабдықтау жалғасуда. Осылайша, қазірдің өзінде жұмыста өзін жақсы көрсете білген 70 мобильді кешен сатып алынды, 190 аспалы өрт сөндіргіш, сондай-ақ 35 «Ермак» мобильді әмбебап кешені алынды.

– Өрт үнемі дайындықты және жедел әрекет етуді талап етеді, – деді Жеңіс Қасымбек. – ТЖ Департаменті, қалалар мен аудандар әкімдері 1 маусымға дейін облыстың өрт қаупі бар аумақтарында бірлескен оқу-жаттығуларды жоспарласын және өткізсін. Өрт сөндіру бекеттерін құру жөніндегі бекітілген кезең-кезеңді іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауда ұстау қажет.

Облыс әкімі азаматтық қорғау, полиция, табиғатты қорғау және ауыл шаруашылығы мекемелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау бойынша рейдтер ұйымдастыруды тапсырды. Төтенше жағдайлар департаменті 20 мамырға дейін орман шаруашылығы ұйымдары мен өрт сөндіру бекеттеріне табиғи өрттерді сөндіруге дайындық бойынша тексеру жүргізуі тиіс.

Шомылу маусымы жақындап келеді. Облыста қарағандылықтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындық басталды. Тыйым салу және ескерту белгілерін орнату, оқушылармен интерактивті сабақтар өткізу, қосымша коммуналдық жағажайлар құру жоспарланған. 20 мамырға дейін сүңгуірлерді тарта отырып, демалыс аймақтары иелерінің өтінімдері бойынша су айдындарына тексеру жүргізіледі. 20-дан астам техника мен 30 жүзу құралы бар алты мобильді топ құрылды. Балқаш көлінің су айдынында қызмет көрсететін үлкен катер сатып алынды.

Back to top button