BasNewsЖаңалықтар

Шымкент: Жастардың өзекті мәселелерін шешу басым бағыттардың бірі

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен әкім жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті. Басқосуда жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету және нашақорлықтың алдын алу мәселесі қаралды.

Кездесу барысында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, білім басқармасы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы, жастарды жұмыспен қамту мәселесі және алдағы жоспарлар туралы баяндады. Бұдан өзге «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні» аясында өтіп жатқан айлық іс-шаралар туралы да талқыланды.

Отырыста қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысын баяндап өтті. Ал, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева жастарды жұмыспен қамту, «NEET санатындағы жастар туралы» тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар білім басқармасының басшысы 2021-2022 оқу жылында оқушыларды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлықтың алдын алу бойынша біраз деректер келтірді.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаевтың мәлімдеуінше, Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген. Соған қарамастан жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлық мәселелері өзектілігін жоймағандықтан, қазір осы бағытта түрлі іс-шаралар атқарылып, ауқымды жұмыстар жүргізілуде екенін айтты.

Кеңес отырысын қортындылаған Мұрат Әйтенов жастардың өзекті мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстың басым бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтып, жастар саясаты мәселелеріне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңес отырысының қорытындысында осындай бағыттағы кездесу айына бір рет өткізілетін болып шешім қабылданды.

Back to top button