BasNewsЖаңалықтар

Нұр-Сұлтанда ер адам өз өмірін қатерге тігіп, 8-қабаттан құлаған қызды қағып алды

Нұр-Сұлтанда ер адам 8-қабаттың терезесінен құлаған қызды қағып алды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 мекенжайында сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне баланың ілініп қалғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жөнелтілді.

«Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасы үйде болған, бірақ баланың жанында ешкім болмаған. Бақытымызға орай, 1985 жылы туған жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды», – деп хабарлады ТЖД.

Ер адам көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапатқа ұсынылатыны атап өтілді.

«Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдайлар бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыздар, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті», – деп қорытындылады құтқарушылар.

Back to top button