BasNewsЖаңалықтар

Алматыда бірінші сынып оқушысының әкесі ұлы зорланғанын мәлімдеді

Құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше күн қатарынан зорлағанын айтты. Полиция баланың әкесі арыз жазғанын растады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

«Алматы қаласы, жекеменшік мектеп, сыныпта 12 баладан, жетінші сыныптың үш оқушысы бірнеше күн бойы бірінші сынып оқушысын сабақ кезінде дәретханада зорлайды! Мұғалім баланы жіберіп, қорқынышты ештеңені байқамаған!», – деп жазды Смаилова Facebook желісіндегі парақшасында.

Құқық қорғаушы жазбасында баланың әкесі екі апта бұрын болған оқиға туралы біліп, полицияға хабарлағанын, бірақ тергеу тоқтап тұрғанын айтты.

Зорлық-зомбылыққа қарсы «НеМолчиKZ» қорының негізін қалаушы Президентке ашық хат жолдап, Мемлекет басшысынан барлық кінәліні жазалауға көмектесуді сұрады.

Жазба жарияланғаннан кейін Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов оқиға 21 сәуірде Наурызбай полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексі 121-бабының 4-бөлігі («Бірнеше рет жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша тіркелгенін хабарлады. Полицияға 1968 жылы туған ер адам жүгінген.

«Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, солардың нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім шығарылады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын қадағалайтын процесс прокуроры тағайындалды. Тергеу жан-жақты, толық және объектив қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелерін Алматы қаласының полиция департаменті бақылауға алды», – деп жазды Рустам Әбдірахманов.

Back to top button