Референдумдағы өзгерістер әділетті Қазақстанды тұрғызудағы мықты баспалдақтар болмақ
Мен өзім осыған дейін өткен референдумдардың бәріне қатысқанмын.Бұл референдумның жөні бөлек. Алғашқы референдумдар тұсында тәуелсіздік алғашқы жылдары болған соң қандай өзгеріс болса да халық оң өзгеріс болады деп күтті. Өйткені бодандықтан босаған біздің халқымыз үшін барлық өзгерістер тәуелсіз елдің дамуы ұшін жасалады деп сенді. Өз басым дәл солай сендім. Оның үстіне қазіргі кездегідей емес халықтың саяси сауатттылығы оншама терең болмағаны белгілі. Кеңестік дәуір тұсында партия айтты заң болатын да ,егемендік алған сәтте Тұңғыш Президентімізді халықтың басым көпшілігі жердегі құдайдай көрді. Енді өткенге көз жібертіп қарасақ тәй-тәй басқан жаңа мемлекет үшін бұл ащы да болса шындық. Сол кезде шындығында тәуелсіздікті нығайту үшін шешілмеген мәселелер өте көп болатын. Мемлекеттік басқару жүйесінде Президенттік басқару жүйесі қажет болатын, одан біздің мемлекет ұтпаса ұтылмады, опық жеген жоқ. Енді міне бірте бірте заман өзгерді, халықтың талап пен талғамының ауқымы кеңейді.
Қаңтар оқиғасынан кейін халық Президенттен көп өзгерістерді, жақсы жаңалықтарды күтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың пікірімен санасып саяси жүйеге өзгерістердің міндетті түрде жасалатынын жеткізді. Жолдаудан бастау алған саяси жүйедегі жаңғырту бүкілхалықтық референдум жасаумен сабақтасып жалғасты. Осыған дейінгі Конституциямыздың ешбірінде болмаған жер, жер қойнауы халықтікі деген халықтың арманы болып келген жүрекке жақын заңдылық осы референдумда Конституцияның 6 бабының 3 тармағында ұсынылды. Тағы бір халықты қызықтыратын бап 43 бап Қолданыстағы Конституцияда 43 бапта 3,4 тармақтар болмаған. Ұсынылып отырған Ата заңның нұсқасында 43 бапқа 3,4 баптармен толықтырып, ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс және Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ дегені. Бұл дегеніміз Президенттің көзқарасы қоғамның барлық топтарына бірдей, әділдік принциптерін жоғары қояды дегенді білдіреді. Тағы бір айта кететін жәйт халықтың қазіргі таңда соттарға сенімсіздігі басым екенін ешкім жасыра алмайды. 47 баптағы «Кеңес» деген сөздің «Сот» сөзімен ауыстырылуы ерекше қызығушылықтар туғызатыны сөзсіз. Ары қарай 83 баптағы Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады деп көрсетілуі,көптен бері сенделіп мәселерін заң аясында шеше алмай әуре сарсаңға түсіп жүрген азаматтардың керек десеңіз бүкіл қазақстандықтардың мүддесінің қорғалуы деп ұғуда. Сонымен қатар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерін сайлауда Президент баламалы түрде ұсынған кандидатураларды сайлауды сәйкес депутаттардың дауысы арқылы шешіледі делінген. Басқару жүесіндегі қуантарлық дүние, ашықтық әділетті Қазақстанды тұрғызудағы мықты баспалдақтар болмақ. Ал сайлау жүйесіндегі аралас жүйенің ұсынылуы қоғамның барлық топтарының сайлауға сайлануға құқылы нормалары тең құқықтықтықты реттейді. Бұл жерде тепе-теңдік саясаты жүзеге асады. Конституцияның осы жүйеге байланысты баптарына деген өміршеңдікке басымдық беріледі.
Бүгін өзім бекітілген Түркістан қаласы №133 референдум учаскесіне барып дауыс беріп қайттым. Бұл сайлау учаскесінде ығы-жығы адам. Қазір сағат 10-нан енді асты, 2459 сайлаушының 1000 астамы дауыс беруге келіп қойыпты. Елдің күткені тыныштық. Бақуатты өмір. Референдумдағы өзгерістер әділетті қоғам орнатудағы саяси жүйеде әділеттілікке алып келер болса, саяси жүйесі әділ мемлекет әлеуметтік салада да жалпы экономика да қарқынды дамып жаңа өзгерістермен бірге ел оңалып, жаңғырып көркейеді деп сенемін.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы
хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты
Қалыйма Жантөреева