Еңбекші ауданындағы кәсіпкерлік нысандар аумағын абаттандыру жұмыстары қадағалануда

Еңбекші ауданы әкімі аппаратының мамандары Еңбекші аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторларымен бірлесе аудан аумағындағы Тәуке хан даңғылы бойындағы кәсіпкерлік нысандар иелері мен әкімшілеріне қатты тұрмыстық қалдықтарды, қоқыстарды бейберекет тастамау, кестеге сәйкес тастау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
20-26.05.2022ж. аралығында абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін кәсіпкерлік нысан иелеріне 14 ескерту, 8 айыппұл (жалпы соммасы-61256 тг.) хаттамасы толтырылды. Аталған жұмыстар жалғасатын болады.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша аудандардағы кәсіпкерлік нысандардың аумағын абаттандыру мәселесі коммерциялық ғимараттардың иелерімен бірге талқыланып, жұмыс жүргізілуде.
– Біз қала тұрғындарын тазалық сақтау мәдениетіне әдеттендіруіміз қажет. Бірінші кезекте қаланы тазалайтын коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту керек. Екіншіден – кәсіпкерлерді өздерінің іргелес аумақтарын көріктендіруге, учаскелеріндегі ескі, қисайған қоршауларды, құрылыс қоқыстарын, арам шөптерді жоюға дағдыландыру қажет. Үшіншіден – тұрғын үйлердің қасбеттерін жақсарту және жол жиегіндегі жерлерді, қаланы сәнді, эстетикалық түрге келтіру қажет – деп тапсырма берді қала әкімі.
Шымкент қаласы аумағын абаттандыру қағидасының 10-тармағының 1 тармақшасы /барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың және заңды тұлғалары, оның ішінде күрделі және уақытша объектілер дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарт жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды, абаттандыруды қамтамасыз етеді/, 97 тармағы /ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау/, 98 тармағы /өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді/, 102 тармағы /дүкендер мен кеңселердің беткі жақтары және жұмыс жағдайында ұсталуы керек, қажет болған жағдайда жеке элементтері теңгерім ұстаушымен жөнделеді және сырланады/ бойынша аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандар аумағының талапқа сай толық абаттандырылу және көгалдандыру жұмыстарына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Ауданда орналасқан кәсіпкерлік нысандарға жүргізілген мониторинг барысында ірі және шағын мейрамханалар, дәріханалар мен азық-түлік маркеттері, сауда үйлері аумақтарының басым бөлігінде толығымен келушілерге қолайлы жағдай жасалып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілгендігі анықталды. Сондай-ақ, кемшіліктер орын алған кәсіпкерлік нысан иелеріне ескерту беріліп, алдағы уақытта нысан ауласын қала аумағын абаттандыру қағидаларының негізгі талаптарына сай жүйелеп, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жүктелді.
Құрметті аудан тұрғындары мен ауданымыздың кәсіпкерлік нысан иелері! Ауданымыздың тазалығына немқұрайлы қарамай, көркеюіне өз үлестеріңізді қосуларыңызды сұраймыз!



