Қала тазалығын сақтауда еңбек етіп жүрген жандарды бағалайық!

Бүгінде Шымкенттің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді.
Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды.
Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды.
Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз ба?!
“Қала күні” мерекесі қарсаңында Қаратау аудан әкімі аппараты қызметкерлері, аудандық жастар ресурстық орталығы Қаратау Жастары еріктілері аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін мекеме қызметкерлеріне таңғы ас және кофе таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аталған шараға қолдау білдірген “Кәусар” шәйханасына аудан әкімі аппараты атынан алғыс білдіреміз!
Құрметті тұрғындар!
Қаламыздағы санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелердегі қызметкерлердің басым бөлігі қарт адамдар.Сондықтан әр қоқыс тастар сәтте осы жұмысты атқаратын жандардың еңбегін ескеруді ұмытпайық! Себебі туған қаламызды құрметтеу – ең алдымен оның тазалығына назар аударудан басталады. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстауды әдетке айналдырса, сөзсіз қала тазалығына бірден бір үлес қоса алады.



