BasNewsЖаңалықтар

Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады

Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.  

Бүгінде қала ішінде жоспарға сәйкес 14 аялдама  павильоны қойылды. Аялдама орнату жұмыстары шілде айында басталды. Аталмыш жұмыстарды орындау  «Strong Servise» ЖШС және   «Aicom» ЖШС-на тапсырылған.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны бар, қалғаны аялдама белгілері орнатылған.  2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдама саны 670. Қала бойынша жалпы үлесі 35,5% құрайды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне келсек, 2022 жылы жоспарға сәйкес қаламызда 11 бағдаршам, 13 белсенді жаяу жүргіншілер өткелі, 4000 жол белгілері 300 шақырым жол таңбаларын сызу жоспарланып отыр.

Өткен жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі ендірілді. Бұл жүйенің артықшылығы -төлемдердің ашықтығын, тасымалдаушылардың кірістілігін және қалалық бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды ұтымды субсидиялауына мүмкіндік беріп, көлік жүйесінің бюджетін қалыптастыруға таптырмас құрал болып табылады. Қазіргі таңда, сатылған көлік карталар саны 230 мыңнан асады, қосымша сатылымда 70 мың карта бар. Қаламызда өтінімдерді қабылдау және көлік карталарын беру бойынша 2 офис істейді. Күнделікті транзакциялар саны 350 мыңды құрап отыр, оның ішінде  транзакциялардың 85% -ы көлік карталарымен төленеді.

Бұдан бөлек, онлайн режимінде қоғамдық көлік қозғалысы туралы халықтың хабардарлығын арттыруға мүмкіндік беретін «I-Kolik» мобильді қосымшасы іске қосылған. Қазіргі таңда, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 170 мыңнан асты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 78 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді, күнделікте маршруттарға 843 автобус шығады (жалпы автобустардың саны резервпен қоса 1000 автобусты құрайды). Жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал, пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.

Back to top button