Түркістан облысы

Шымкент: Балабақшаларды лицензиялау мен 2022-2023 жж. жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы

Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Шамшиева және Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева балабақшаларды лицензиялау мен 2022-2023 жж. жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы  Ақпараттық–коммуникациялық орталығында өткен брифингте айтып өтті.

«Лицензиялаудан тек қана жекеменшік балабақшалар өтпейді. Бұл рәсімнен мемлекеттік балабақшалар да өтеді». Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингте Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева осылай деді.

– Министрліктің жоспары бойынша бұл 3 кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезеңде – жаңадан ашылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылады. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі өткен жылдың қыркүйек айында қайтадан іске қосылған болатын. Осы мемлекеттік аттестаттау рәсімінен бірінші ретте өте алмаған мектепке дейінгі балабақшалар екінші кезеңде қамтылады. Ал үшінші кезеңде арнайы қауіп-қатерлер жолдамасы арқылы өткізіледі. Қазіргі уақытта әрекет етіп жатқан барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылады. Тағы да айтып өтсем, жекеменшік немесе мемлекеттік деген ұғым болмайды. Бұл барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты рәсім. Тек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары емес, орта білім беру ұйымдары, жоғары білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ошақтары арнайы лицензиялаудан өтеді, – деді департамент басшысы Нұргүл Ақылбекқызы.

– Кейбір ұйымдар балабақшаларды лицензиялау туралы ақпаратты дұрыс түсінбейді. Бұл лицензиялау еліміздегі балабақшалардың сапасын көтеріп, балаға қауіпсіз жайлы орта қалыптастыру. Лицензиялау мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың дамуына жағдай жасайды.

Сондай-ақ жекеменшік кәсіпкерлер құқығы тапталды деген жаңсақ ой қалыптасқан, бірақ бұл дұрыс емес. Егер балабақшалар видеокамерамен қамтамасыз етілсе, жарық жақсы түсетін болса, тамақ сапасы қадағаланатын болса, ата-аналар балаларын цифрландыру арқылы видеокамералардан көре алатын жағдай болса, өрт қауіпсіздік шаралары сақталатын болса, балабақшалар лицензияланып, жұмысын жалғастыра береді, – деді білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

Спикердің  сөзінше, жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту үшін толық жағдай жасалған. 1 және 4 сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Айта кетсек, бүгінде 2022-2023 оқу жылына арналған оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша көркем әдебиеттерді сатып алу және оны тасымалдау, жеткізу жұмыстары жүргізілуде.  Мектептердегі жалпы компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дана (компьютер – 24 029, ноутбук – 28 516, планшет – 4 201). 2022 жылы 1-сыныпқа 27 000 оқушы қабылдау жоспарланған. Қазіргі уақытта қабылданған оқушы саны – 26 578, яғни 98%-ды құрап отыр.

Back to top button