Жаңалықтар

Елімізде пектин ұнтағын шығаратын алғашқы кәсіпорын шымкентте іске қосылды

Қазақстанда пектин ұнтағын шығаратын ең алғашқы кәсіпорын Шымкентте іске қосылды. Алтынтөбе елдімекенінде орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын «Алан и Компания» ЖШС- не тиесілі.

2018 жылы құрылған кәсіпорын 2020 жылдан бастап қарқынды бау егумен айналысып келеді. Бүгінде мекеме иелігіндегі 45 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау егілген. Оның 39,5 гектарында алма, 2 гектарында шабдалы, 2 гектарында алмұрт және 1,5 гектарында жүзім өсіріледі.

2021 жылы кәсіпорын жеміс-көкөністі қайта өңдеу зауытының құрылысын толығымен аяқтап, осы жылы зауыттың жұмысы толығымен іске қосылды. Инвестиция көлемі 1 200 млн. теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы сағатына 7 тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап (джем), шырын сияқты дайын өнімдер шығарылуда. Сонымен бірге 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Кәсіпорын жұмысымен арнайы танысқан қала әкімі өнімдердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына аса мән беру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, бүгінде шаһарда алма теру науқаны қызу жүруде. Қала халқын жергілікті өніммен қамтамасыз ету мақсатында еселі еңбек етіп жатқан серіктестіктің бірі Алтын төбе елдімекенінде орналасқан «Керемет Сапа» шаруашылығы. Аталған серіктестік 15 гектар жерде алма өсіруде. Алманың голден, пинк леди, гренни смит, фуджи секілді ерекше сұрыптары отырғызылған. Өнімдер ішкі нарыққа, яғни қаладағы сауда нүктелерінде сатылуда. Мекеме мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тауып, өткен жылы техникалары мен құрал-жабдықтарын жаңартқан.

2022-2023 жылдар аралығында жылына 10 млн. банка шығаратын жеміс-көкөністі қайта өңдеу цехын және 2 000 тоннаға дейін жеміс-көкөністі сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. 1,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба іске асқанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.  Салада құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн.дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс/көкөністерді қайта өңдеу – 6 млн. банка консервілейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button