Жас маманға жол ашық

Қазақстанда жұмыс тәжірибесі болмаса да жұмысқа орналасуға бірқатар мемлекеттік бағдарламалар көмек бола алады. Мұндай жобалар туралы біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі уақытта елімізде “Дипломмен ауылға”, “Жастар практикасы” сияқты бағдарламалар жүргізілуде. Осындай бастамаларға сұраныс өскендіктен енді жыл сайын мемлекет жұмыспен қамтуға бағытталған жаңа бағдарламалар ұсынуда. Оның бірі – 2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан “Ұрпақтар келісімшарты” бағдарламасы.
Шымкентте жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындауды мақсат еткен “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысып, жұмысқа жолданып жатқандардың дені — жастар. Солардың бірі — Нилюфар Убайдуллаева.
Ол өткен жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін “Тігінші” мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы жылдың маусым айының басында ол “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысуға өтінім беріп, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер “Қасиет Collection” тігін цехына жолданған. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиевамен (суретте) орын ауыстыратын болады.
— Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол, — дейді Нилюфар Убайдуллаева.
Оқу орындарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша жұмыс орындары Ұлттық классификатор аясындағы өз мамандығы мен оған ұқсас мамандықтар тобына жататын кәсіп бойынша жұмысқа орналастырылады. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға ниет білдірген үміткер өтінішке міндетті түрде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуын растайтын құжатты қоса береді. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 6 айдан аз уақыт қалған тәлімгер бекітіледі.
Биыл Шымкентте “Ұрпақтар келісімшарты” жобасымен 24 адамды жолдау жоспарланған.
Аталған жобаға қатысушының айлық жалақысы — 91890 тг. Мерзімі — 6 ай.



