Жаңалықтар

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 1 800-ге жуық жүргізуші ұсталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Бұл жүйенің ерекшелігі жол ережесін бұзған және көлікті жалған нөмірме басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды.Дабыл тәртіп сақшыларының планшетіне түседі. Ары қарай жол полиция қызметкерлері ереже бұзушыны тәртіпке шақырады. Өздеріңізге белгілі жүргізушілер тәртібін арттыруда жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын осындай «Қорғау» секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады.

Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала – Шымкентте 103 997 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 57, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 3835, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 811 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 193, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 740, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 290, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 570 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 24, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 97477 хаттама толтырылып, 1894 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 6 225-тен астам жол қозғалысы ережесін бұзған 1 739 жүргізуші ұсталды. Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті.

Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!

Басқа жаңалықтар

Back to top button