Жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды
Бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша жиналыс өтті. Мекемелердің дайындығы пысықталып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген.
Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар.
Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр.
Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Адырбеков-Жібек жолы көшесінде ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистралдық жылу құбырын ауыстыру жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта жалпы жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталған болса, толығымен 2023 жылы бітпек. Нәтижесінде жылу құбырының тозу деңгейі төмендеп, 450-ден астам көп қабатты тұрғын үй сапалы және тұрақты жылумен қамтылатын болады. М.Әйтенов жұмыстардың мезгілінде және сапалы орындалуын тапсырды.
Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында бұл жылы 19,4 шақырымдық ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды. Соның ішінде, Толстой – Адырбеков көшесінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек. Жұмыс барысымен танысқан қала әкімі М.Әйтенов тиісті сала басшысына жылыту маусымы кезеңіне дейінгі қажетті шаралардың талапқа сай және уақытылы атқарылуын тапсырды.



