Шымкент

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау – ардың ісі

Шымкент қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының қызметкерлері әйелдерге қатысты қылмыстың алдын алу және оның жолын кесу бағытында мақсатты жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, тәртіп сақшылары «Көмек» оңалту орталығына барып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетті.

Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

«Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Қоғам дамуы оның өміршеңдігіне, әл-ауқаты мен оның дұрыс қалыптасуына байланысты. Халықты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық деректері туралы уақтылы хабарлауға және басқа адамдардың мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын», – дейді Абай ПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева.

Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен жұмыс істейтін ӘЗЗҚТ-ның инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болатынын атап өтті.

«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» – деді Президент өз жолдауында.

Айта кетейік, қала әкімдігі жанынан зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупінің салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Back to top button