«Олигархтық капитализмнің заманы өтті»: Тоқаев Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қызметіне тоқталды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде сөйлеген сөзінде елімізде жұмыс істейтін өндіруші компаниялардың қызметіне тоқталды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Тоқаев капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейтінін жеткізді.
«Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалап отырамыз.
Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Салық төлемақысы ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері», – деді президент.
Мемлекет басшысы сонымен қоса Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өткенін баса айтты.
«Ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында жетекші орындағы бизнес керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



