Астанадағы Халықаралық мектепте балалар тамағынан шаш пен тарақан шықты
Астанадағы Халықаралық мектепте балалар тамағынан шаш пен тарақан шықты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оны оқушылар суретке түсіріп алған. Мектеп жекеменшік болғаннан кейін білім алушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етпейді. Ата-аналар ас үшін жылына жарты миллион теңге төлейді. Сөйте тұра, сапасыз тамақ береді деп ашуланады.
«Тамақтың ішінде ашып кеткен, бүлініп кеткен тамақтар беріледі. Балалар 90 процент тамақтардың барлығын лақтырады. Және күні кеше жәндік тауып алдық тамақтың ішінде. Менің балам екінші жыл оқып жатыр. Екі жыл бойы менің баламда ішек жолдарының дискинезия деген диагноз койылды», – дейді ата-ана Әсел Әкімова.
Мектеп басшылығы бұған жауап беруден бас тартты. Алдымен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіледі, соның нәтижесі шыққан соң ғана мәселенің мән-жайы белгілі болады деді.
«Біз санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін құжат тапсырдық. Олар мектеп асханасын, тамаққа жауапты компанияның жұмысын тексереді. Жауап шыққаннан кейін ғана, нақты ақпарат айтамыз. Оған дейін ешқандай жауап бере алмаймыз», – дейді Астана қаласы Халқаралық мектеп директоры Ғабит Қуаныш.
Ал асханаға жауапты мердігер компания ата-аналардың шағымымен келіспейді.
«Тарақан деген жоқ, ол дұрыс мәлімет емес. Ол суреттегі тамақта тұрған шаш, булочканың үстіндегі, біз ондай тамақ берген емеспіз. Ондай болған жоқ. Тамақтың дәмділігі жайлы, тамақты мұздай береді деген жайлы айтарым, тамақтың дәмі өте дұрыс. Себебі медблокта үш кісі отыр. Олар таңғы ас, түскі ас, түстен кейінгі астың дәмін көреді», – дейді компания директоры Хадиша Асабаева.
Алматылық ата-аналардың да асхана жұмысына көңілі толмайды. Екатерина Бутенконың қызы Алматы облысындағы №117 мектепте оқиды.
«Оқушыларға шикі немесе көгеріп кеткен тоқаш, күйген котлет пен жағымсыз иісі бар жеміс-жидек беріледі», – дейді.
«Мектебіміздегі тамақтар дәмсіз. Балалардың іші ауырып, ұшынған сәттер де болған. Қызымнан оқу жылының бірінші күні «Не тамақ берді?» деп сұрадым. Ол «Дәмсіз макарон жедім» деп келді. Әрине, тегін тамақ беретіндеріне ризамыз. Бірақ тамақтың сапасын көтерсе екен дейміз», – дейді ата-ана Екатерина Бутенко.
Наразылық жиілеген соң мектепте тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобы құрылған. Оның мүшелері де ата-аналардың сөзін қоштайды. Санитарлық – эпидемиологиялық бақылауға шағым түсірген.
«Сараптама тобының мүшелері тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссияның және асханадағы сапалы тамақтану ұйымдарының қызметін зерделеу мақсатында Әуезов ауданындағы №117 жалпы білім беретін мектепте болды. Бұзушылықтар тіркелген және актіде көрсетілген. Қазіргі уақытта мәселе қаралуда», – дейді Алматы қалалық білім басқармасы.
Асхананы жалға алушылар аспаздардың жұмысында ешқандай кінәрат жоқ дейді. Десе де, мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Бұған арнайы қамқоршылық кеңесі де атсалысуда.



