Сенат қаңтар оқиғасына бойынша рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады материалға сілтемені көшіру
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартып отыр. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады.
Осы орайда ол заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.
“Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген. Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады”, – деді депутат.
Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды.
“Жалпы рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлғалар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылып жатыр. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды», – деді депутат.
Енді рақымшылық қамтымайтын адамдар қатарына террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар жатады.
Сенаторлар заңды бірауыздан қабылдады. Құжат президенттің қол қоюна жіберіледі.



