Елордада мас жүргізуші аялдаманы соғып, көлік тұрағына кіріп кетті
Астанада жүргізуші жылдамдықпен аялдаманы соғып, көлік тұрағына кіріп кетті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде жүргізушінің күрт айналғаны, аялдамаға соғылып, көлік тұрағына кіріп басқа көліктерге зақым келтіргені түсірілген видео тарады.
Елорда полицейлері 28 қазан сағат 03:30 шамасында Абылай хан даңғылымен Айнакөл көшесі бағытында Volkswagen жүргізушісі жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлады. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ.
Медициналық тексеріс барысында 31 жастағы ер адам масаң күйде көлікті басқарғаны анықталды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК 608-бабының 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Көлік қоғамдық көлік тұрағына қойылды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен құқық бұзушы 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 20 тәулікке қамауға алынды», – деп хабарлады полицейлер.
Полиция жүргізушілерге көлікті мас күйінде жүргізбеуді ескертті.



