Қоқыс таситын көлік жүргізушісі блокпосттан адам алып өтпек болған

Алматыда блокпостан адам өткізбек болған қоқыс таситын көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Basnews.kz.
Алматы қалалық ПД хабарлауынша, түнгі сағат екі шамасында Ақын Сара мен Ақсай көшелерінің қиылысында орналасқан №7 бақылау-өткізу пунктінде 1994 жылы туған Л.есімді азамат басқарған қоқыс таситын көлік тексерілген. Анықталғандай, ол жолаушы ретінде Алматы облысының 19 жастағы тұрғынын өткізбек болған.
«Жүргізуші мұны ақшалай сыйақы үшін жасады. Алайда, әрекет сәтсіз аяқталды. Олар ұсталды. Қазіргі уақытта жүргізушіге де, оның жолаушысына да қатысты ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы бойынша құқық бұзушылық негізінде әкімшілік іс қозғалды. Азаматтарға тағы да төтенше жағдай ережелерін қатаң сақтауды ескерту қажет. Бұл нормаларды елемегендерге, кем дегенде 10 АЕК мөлшерінде айыппұл, ең көбі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады», – дейді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.



