BasNewsЖаңалықтар

Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін төмендетуді қарастырады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутатының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегін төмендету труралы ұсынысына пікір білдірді, – деп хабарлайды Basnews.kz.

«Былтыр зейнетақы жинағын пайдаланудың шегі белгіленген болатын. Ол ақшаны халық емделуге және баспана жағдайын жақсартуға пайдалана алды. Енді сол формула жұмыс істейді. Тек пайдалану шегі көтерілді. Өйткені бұл минималды еңбекақы мөлшерінің деңгейінен туындап отыр. Мен ондай ұсыныстарды естідім. Бұл мәселе бойынша қазір жұмыс тобы Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігімен бірге жұмыс істеп жатыр. Сондықтан біз мұны жұмыс тобында қарайтын шығармыз», – деді Тамара Дүйсенова Үкімет кулуарында.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын.

«Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегі көтерілгеннен бері әлемде теңдесі жоқ бұл бастаманың пайдасы жоққа теңесті. Өзге елдер біздің осы тәжірибені зерттеп жатқаны туралы мәлімет бар. Үкіметке зейнетақы жинағын пайдалану шегін қайта бір қарау керек деп есептеймін. Сондай-ақ жеке зейнетақы қорларын тартқан кезде де осы тәжірибені ескеріп, салымшыларды ынталандыратын жаңа пакет әзірлеу қажет. Мысалы, азаматтарға жинақтың инвестициялық кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары болса, бір бөлігін шешіп алуға мүмкіндік беру керек», – деген еді Аманжан Жамалов.

Back to top button