Жаңалықтар

Сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы

«Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, кемтар, жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. 125 HIGH SCHOOL SHYMKENT «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорымен бірлесе Арбатта жәрмеңке өткізді. Негізгі мақсаты «Бір айда – бір арман» жоба аясында асыраушысынан айырылған отбасы нәрестелерінің арман – тілектерін орындау. Мектеп оқушыларының бойына жанашырлық пен мейірбандық қасиеттерді дамыту үшін мектеп әкімшілігі оқушылардың белсене араласуына мүмкіндік берді. Бір ауыздан жұмыс жүргізген мектеп ұжымына ризашылығымызды білдіре отырып, мектебімізде әлі де осындай игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз.

«Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры ресми тіркелген ұйым. Ұйым бес бағытта жұмыс істейді. Білім бағыты бойынша асыраушысынан айырылған және аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша үйірмелер ұйымдастырылады. Спорт саласында аулаларға ворк-аут алаңшаларын орнатып, спорттық сайыстар өткізіледі. Ал қайырымдылық және әлеуметтік сала бойынша арнайы тізім жасалып, сол бойынша қаладағы әр түрлі санаттағы осал топтардан құралған отбасыға қолдау көрсетеді.

Жабырқаулы жүректерді жібітіп, мұқтаждарға көмектесу сауапты іс. Ал ондай ізгілікті істі мұрат тұтқандардың әрекетін жанашырлықтың жарқын үлгісі деп бағалауға болады. Әл-Фарабише айтқанда, қайырымды қаланың тұрғындары қашанда бір-біріне көмек қолын созуға даяр тұрады. «Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін ұзатпаған халық еді. Қазір жетімдер үйінде балалар көп, бүгінгі қоғам –қатігез» деген сынды пікірлерді көп естиміз. Иә, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты мұнымен келісуге де болады. Алайда толықтай келісу де дұрыс емес. Олай дейтін себебім, түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады, жетімдер үйі мен қарттар үйіне барып, оларға көңілді кеш сыйлап, сыйлықтар беріп, түрлі шаралар ұйымдастыратын қоғамдық бірлестіктер де біршама. Егер біз қоғам қатігез болып кеткен, байлардың бәрі тек өз жағдайларын ойлайды дей берсек, ол – біріншіден, қайырымды жандардың еңбегін жоққа шығарғанымыз. Екіншіден, өзіміздің де, өзгелердің де бойындағы жақсылық жасауға деген ұмтылысын жоямыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button