Жаңалықтар

Жастар арасында картинг спорттық жарысы «Jas team kart» жобасы аясында өтті⁣⁣

Шымкент қаласында алғаш рет Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен,«Sport Villa» ойын-сауық кешені және «Rafe» ресторан басшысының қолдауымен картинг спорттық жарысы «Jas Team Kart» жобасы аясында өтті. ⁣⁣

«Sport Villa» ойын-сауық кешенінде өткен турнирге жоғары оқу орындарынан 35 қатысушы жиналды. ⁣⁣

Бүгінгі өткен картинг спорттық жарысына 7 команда өзара сайысқа түсті. Ойынның шарты бойынша қатысушылар 3 айналымды еңсеріп, 5 минутта мәреге жету керек. ⁣⁣

— Бүгінгі картинг спорттық жарысына ОҚМПУ студенттерінің арасынан команда жасақтап келген болатынбыз. Осындай керемет жарысқа бірінші рет қатысып, сайысқа түстік. Ойын барысында жаңа орта тауып, спорт саласына өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Тартысты ойынға қатысуымызға мүмкіндік берген Жастар ресурстық орталығына студенттердің атынан алғыс айтамын, – деді ОҚМПУ студенті Бақберген Мұратұлы.

Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ұлжан Төленнің айтуынша, жарысты ұйымдастырудағы мақсат – студент жастардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастырып, спорт саласын жастар арасында кеңінен насихаттау.

– Қазіргі кезде студенттердің сабақтан тыс уақытта спортпен айналысуға мүмкіндігі болмай жататынын аңғардық. Осыған байланысты оларды спортқа тартып, уақытын тиімді пайдалану мақсатында көптеген спорт түрін ұйымдастырудамыз. Соның бірі – бүгінгі «Jas Team Kart» жобасы аясында өткен картинг спорттық жарысы. Аталған жоба жастардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, денсаулығын да нығайтатыны анық. Осындай ойынға демеушілік көрсеткен «Sport Villa» ойын-сауық кешені мен «Rafe» мейрамхананың басшысына өз алғысымызды білдіреміз, – деді ол. ⁣⁣ ⁣

Жарыс жолында тартысты ойын көрсеткен шеберлер орталық басшысы М.Исаховтың арнайы диплом және кубоктарымен, қалған қатысушыларға қатысқаны үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталды. ⁣⁣

Бүгінгі жарыста бірінші болып мәреге жеткен Онтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері. Екінші орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастары иеленсе, үшінші орынға Ж.Тәшенев атындағы университет университетінің студенттері иеленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button