Атырауда ер адам ұрланған көлікте 13 жастағы қызды зорламақ болған
Атырауда көлікті ұрлап кеткен ер адам аулалардың бірінде 13 жастағы қызды зорламақ болған, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Оқиға қаладағы Авангард шағынауданында болған. Қуанышқа орай полицейлер дер кезінде үлгерген.
«Reno Duster көлігін заңсыз басқарған ер адам көпқабатты үйлердің ауласына жасырынып, 13 жастағы қызды зорламақ болды. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде ер адам қылмысты жасамақ болған сәтте ұсталды», – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, қыз көлікте ұйықтап қалғандықтан, анасы оны көлікте қалдырып, өзі дүкенге кіріп кеткен. Осы кезде ер адам көлікке отырып, салонда болған баламен бірге ұрлап кеткен.
Қазір тәртіп сақшылары күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Өзге ақпараттар тергеу мүддесіне қарай жария етуге жатпайды.