BasNewsЖаңалықтар

Түркістан тұрғыны қарыздан құтылу үшін әкесін өлтірмек болған

Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша ұйымдастырылған қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Оқиға Төлеби ауданында болған. Жергілікті тұрғын аудандағы банк бөлімшесінен бірнеше рет тауар несиесін рәсімдеген. Алайда, жұмыссыз болғандықтан, ай сайын оны қайтаруға мүмкіндігі болмайды.

Ал, әкесі қатал кісі болғандықтан, одан ақша сұрай алмаған және несиесін айтуға қорыққан. Несиеден құтылу үшін және пайда табу мақсатында әкесін қасақана өлтіріп, оның атындағы мал шаруашылығын иемденуге қылмыстық ниеті туындаған. Содан алдын ала сөз байласқан таныстары әкесін қасақана өлтірмек болады. «Қорада бір қой өлейін деп жатыр» деген сылтаумен шақырып, денесіне пышақ ұрған. Жәбірленуші өміріне қауіп төніп тұрғанын сезіп артқа шегініп, күрек сабымен қорғана бастаған. Нәтижесінде, жәбірленушінің өміріне қауіп төндіретін денсаулыққа ауыр дәрежеде зиян келтірілген.

«Олардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, беттестіру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен әшкереленді», – делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот үкімімен сотталушылар жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілігін және сотталушылардың жеке басын ескере отырып, нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Атап айтқанда, күдікті Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3,5-бөліктері, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі 7,8-тармақтарына сай сотталды. Ол 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.

Back to top button