Мейіржан Төребаев үйқамаққа ауыстырылды
Актер және вайнер Мейіржан Төребаев үй қамаққа босатылды. Ол сегіз ай тергеу изоляторында қамауда отырды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
2022 жылғы 26 желтоқсанда Алмалы аудандық сотында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов және Mudabarah Capital қаржы пирамидасын құруға қатысушы өзге де күдіктілер ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Сотталушы орындығында барлығы 12 адам бар.
Мейіржан Төребаевқа тұрғылықты жерінен кетуге, әлеуметтік желілерді пайдалануға және баспасөзбен сөйлесуге тыйым салынды.
Алғашқы екі отырыста Мейіржан Төребаев істі прокурорға қайтару туралы өтініш жасаған, өйткені тергеу, сотталушының пікірінше, дұрыс жүргізілмеген.
Ал бұған дейін прокурор бұл істе қате кетпегенін айтқан.
Еске салайық, 2022 жылғы 10 ақпанда вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты «Қаржы (инвестиция) пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.