Қарағандыда суық тиіп ауырған 2-сынып оқушысы қайтыс болды
Қарағандыда 2-сынып оқушысы қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, бала суық тиюден туындаған асқынудан қайтыс болған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Patriot парақшасына сілтеме жасап.
Оқушыда 16 желтоқсанда ауру белгілері пайда болған. Ыстығы көтерілген бүлдіршінді 17-сі күні ата-анасы ауруханаға алып барады. Дәрігерлер баланы тексерген соң, емді ауруханада жалғастырған дұрыс болатынын жеткізген. Алайда ата-анасы бас тартып, ем – дом шараларын үйде жалғастыруға шешім қабылдап, қолхат жазып, баланы үйге алып кетеді.
Олар дәрі-дәрмекпен оқушының ыстығын түсірген. Алайда бүлдіршін келесі күні таңертең қайтыс болды.
8 жасар Лилияның неден қайтыс болғаны анықталып жатыр. Ол оқыған мектепте дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Микробтарды жою үшін барлық сыныптар арнайы құралдармен жуылып, барлық оқушыларды мектептің кезекші медбикесі тексеруде.
«Осы қайғылы оқиғадан кейін біз дезинфекция жұмыстарын бұрынғыдан да мұқият жүргізе бастадық. Медбике сабақ басталар алдында оушыларды тексереді. Егер дене қызуы көтеріліп, суық тию немесе тұмау белгілері болса, біз дереу ата-анасына телефон соғып, баланы үйіне алып кетуді сұраймыз», – дейді Лилия оқыған мектеп директоры Любовь Горбунова.