Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі кітаптар жинағының тұсаукесері өтті
Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысшы тобы дайындаған кітаптар жинағының тұсаукесері өтті. Жаңа кітаптардың таныстырылымына белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар, руханият жанашырлары қатысты.
Тұсаукесер рәсімін ашқан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов жинақтың жарыққа шығуына зор үлес қосқан авторларға жылы лебізін білдіре отырып, кітаптың мазмұны мен көркемдік деңгейінің жоғары екеніне баға берді. Сондай-ақ жиында сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсұн өңірлік комиссия жұмысының нәтижесіне тоқталып, кітаптың ғылыми құндылығы зор екенін атап өтті.
Өңірлік комиссияның баспа қызметінің жоспарына сәйкес, құжаттар мен мақалалар жинағы, монография, архивтік құжаттар жинағы жылдың соңына дейін жарыққа шығады деп жоспарланған болатын. Өңірлік комиссияның биылғы 18-ші қарашада өткізілген отырысында қабылданған шешімге орай, 1 тізім, 6 жинақ және 1 монография баспаға шығаруға ұсынылып, жарық көрді.
Еске сала кетсек, Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия 2021 жылғы 14 қаңтарда құрылды. Оған өңірден 25-тен астам тарихшы ғалымдар, доценттер, phd докторлар, сарапшылар, архив саласының қызметкерлері және т.б. азаматтар тартылған. Осы ретте, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылған.