BasNewsЖаңалықтар

Талдықорғанда оқушы қызды бірнеше жасөспірім жабылып ұрып-соқты

Әлеуметтік желіде оқушы қызды жасөспірімдердің ұрып-соғып жатқан видеосы таралды. Оқиға Талдықорған қаласында болған. Полиция оқиғаға қатысқандардың барлығын анықтады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде жасөспірім қызды соққыға жыққан видео тарады. Кадрда оны жұдырықтап ұрып, тепкілеп жатқан үш оқушы қызды көруге болады. Видеоны көргендер бұл жайтқа наразылық білдіріп, полициядан шара қолдануды талап етті.

Полицияның хабарлауынша, видео 9 қаңтарда Талдықорғанда «Самал» шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде түсірілген. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, олардан жауап алынды.

«Олардың барлығы облыс орталығы мен Қаратал ауданындағы түрлі оқу орындарында оқитын кәмелетке толмағандар. Жанжалдың себебі әлі анықталып жатыр. Жәбірленуші өзінің өкілімен (әжесі) бірге ресми түрде арызбен полицияға шағымданудан үзілді-кесілді бас тартты. Осыған қарамастан, аталған факті бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») әкімшілік іс қозғалды», – деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Бұнымен қоса, полицейлер соққыға жығуға қатысты күдіктілердің материалы әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының қарауына жіберілгенін айтты.

Осы оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы да пікір білдірді. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде облыс әкімдігінің білім басқармасының, құқық қорғау органдарының, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды.

«Олар оқитын оқу орындарының тәрбие жұмысы тексеріледі. Зардап шеккен жасөспірімге барлық қажетті психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, күш қолданған оқушыларды одан әрі оқыту мәселесі қарастырылады», – деді баспасөз қызметіндегілер.

Back to top button