Иранның стратегиялық нысандарына шабуыл жасалды
29 қаңтарға қараған түні Иранның әскери инфрақұрылым нысандарында бірнеше жарылыс болды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
ИРНА агенттігі Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясында Шахид-Салими қаласында мотор майын өндіретін ірі зауыт өртенгенін жазды.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Исфаханда оқ-дәрі шығаратын әскери зауытқа дрондармен шабуыл жасалған.
Иран батысында Дизфуль қаласындағы авиабазада да жарылыс болғаны, елдің батысындағы Хамадан және солтүстіктегі Решт қаласында да жарылыс пен өрт болғаны хабарланды.
Тегеранда да жарылыс естілген. Жергілікті тұрғындар үкімет ғимараттарына шабуыл жасалғанын айтқан. Куәгерлер Тегеран әуесіне ұшақтар көтерілгенін айтты.
Әзірше қаза болғандар мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
Иран қорғаныс министрлігі Исфаханда оқ-дәрі зауытына дронмен шабуыл жасалғанын растаған.
«28 қаңтарда сағат 23:30 шамасында қорғаныс министрлігі орталықтарының біріне дронмен сәтсіз шабуыл жасалды. Біреуін әуе шабуылынан қорғайтын жүйе атып түсірді, екеуі қорғаныс қақпанына түсіп, жарылды», – деп жазылған ведомство хабарламасында.