BasNewsЖаңалықтар

БҚО-да тоққа түсіп екі қолынан айырылған бүлдіршінге қатысты іс қаралуда

БҚО-да 4 жастағы Аманжол Орынбекұлын 24 мамырда тоқ соғып, екі қолынан айырылған еді. Бұл қайғылы оқиғаға қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарады деп аудандық электр желілері басқармасының басшысы Бауыржан Биғалиев айыпталуда, –  деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі “Мой город” порталына сілтеме жасап.

Іс судья Әлібек Нұрғалиевтің төрағалығымен қаралды. Прокурор Нұрсұлтан Ахметкерей Бауыржан Биғалиевтің бұл қызметке 2021 жылдың 1 қазанында тағайындалғанын және барлық міндеттерді өз мойнына алғанын алға тартты.

“Апат кезінде Аманжол небәрі төрт жаста еді. Бүлдіршіннің екі қолы да жоқ. Бұл аудандық электр желілері басқармасының басшысы Бауыржан Биғалиевтің салғырттығынан орын алды. Ол әрбір өндіріс орнының сенімді жұмысы мен қауіпсіздігін ұйымдастыруға міндетті болатын. Жаңақазан ауылдық округіндегі қосалқы станса ЖЭК-тің тікелей бақылауында болды. Қате әрекеттердің салдарынан ондағы құлыптау қондырғысы істен шығып, жұмыс істемей қалды. Бірақ Биғалиев ешқандай түзету шарасын қолданбаған. Соның салдарынан 24 мамырда қайғылы оқиға орын алды»,  – деді айыптаушы.

Тергеу мәліметінше, Аманжол  ПС-35/10 КВ аралық май ажыратқышының ұяшығының ақаулы есігін ашып, жоғары кернеуде тұрған ажыратқыштың металл элементіне тиіп кеткен.

Қосалқы станциялардың барлық ақаулы есіктері қайғылы оқиғадан кейін ғана ретке келтірілген.

“Бауыржан Биғалиевті кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі режимінде үш жылға бас бостандығынан айыруыңызды және үш жылға электр энергетикасы саласында қызмет атқаруына тыйым салуыңызды сұраймын”,- деп түйіндеді Нұрсұлтан Ахметкерей.

Аманжоланың анасы мен адвокаты тағылған айыпты қолдап, Бауыржан Биғалиевке қызметтік міндеттерін орындауға ештеңе кедергі болмағанын атап өтті.

Алайда айыпталушының адвокаты Асқар Қамитов айыптау тараптың уәждерімен мүлдем келіспейтінін мәлімдеді.

“Баланы кім қадағалау керек еді? Биғалиев пе? Әлде аудандық электр желілері басқармасы ма? Әкімдік пе? Жоқ! Оған ең алдымен ата-ана жауапты. Ертең өскенде «менің неге қолым жоқ» деген сұрақ қояды. Сонда ата-анасы «Балам, бұған Бауыржан аға кінәлі» деп жауап бере ме? Биғалиевке қызметтік міндеттерін орындамады деген айып тағылып отыр. Сонда бұл жерде ата-анасының мүлде кінәсі жоқ па?  Бала ауылдан 800 метр жердегі тыйым салынған аумаққа келген. Ата-ананың әрекетсіздігін неге бағаланбайды? Әкімдікке қарасты ЖШС-ның үстінен азаматтық іс қозғалды, яғни мемлекетке қатысты”,- деді Асқар Қамитов.

Анықталғандай, апаттан кейін «ZapKaz REK» ЖШС-нен бірден бес адам: қосалқы станция қызметінің басшысы, заң бөлімінің бастығы, қауіпсіздік басқармасының бастығы, директордың орынбасары және бас директор Ғалиметденованың өзі жұмыстан шыққан.

Бауыржан Биғалиевтің өзі сот талқылауы кезінде болған оқиғаға өкінетінін, бірақ өзін кінәлі санамайтынын мәлімдеді.

Back to top button