Ақсуда пәтердегі өрттен кейін 5 бала ауруханаға жеткізілді
Павлодар облысында көпқабатты үйдегі өрттен 5 бала зардап шекті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 9 ақпан күні болған. Сағат 17:55-те 101 нөміріне Ақсу қаласы, Астана көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт шыққаны жайында хабарлама түскен.
Өрт орнына жеткен құтқарушылар 5 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде жеке заттар мен жиһаз жанып жатқанын анықтады. Жалын 12 шаршы метр жерді шарпыған.
«Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласындағы орталық ауруханаға 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды»,- делінген хабарламада.
Тілсіз жаудың таралуы сағат 18:20 тоқтатылып, сағат 18:44-те толықтай сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға Павлодар облысы
ТЖД-нің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.