Мәжіліс сайлауы: ОСК Қазақстан халық партиясының партиялық тізімін тіркеді
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халық партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін тіркеді.
«Қазақстан халық партиясы 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Партиялық тізімге әйелдер, жастар және мүгедектігі бар 17 адам енгізілген. Бұл кандидаттардың жалпы санының 32,7 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Оның атап өтуінше, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.
«Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылы қаңтарда өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауында Қазақстан халқы партиясы сайлаушылар дауысының 9,1 пайызын алған. Осыған байланысты ҚХА сайлау жарнасын төлеуден босатылды», – деді ол.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қазақстан халқы партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың ҚР Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, ҚХА-ның партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойды.