Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан 8-сынып оқушысы ұсталды
Түркістан облысының полиция қызметкерлері коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан 8-сыныптың оқушысын ұстады, деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
28 наурыз күні Кентау қаласының полиция бөліміне әлеуметтік желі арқылы «Қарнақ ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді» деп жалған ақпарат таратқандар туралы хабарлама түскен.
Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері жалған ақпаратты Қарнақ ауылында тұратын 8-сыныптың оқушысы таратқанын анықтаған. Жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
«Оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.



