Екібастұзда өрттен 20 адам құтқарылды
Екібастұздық өрт сөндірушілер өртеніп жатқан үйден 20 адамды құтқарды, оның төртеуі балалар. Оқиға 19 ақпан күні таңертең болды. Өрт бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінен шықты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Өрт сөндірушілер келгеннен кейін бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт болғаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында баспалдақ, «Респиход» құтқару құрылғысы мен сатының көмегімен 20 адам құтқарылды, оның ішінде 4 бала бар. Өрттің таралуына жол берілмеді» деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өртті сөндіруге 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылғаны нақтыланды. Өрт сағат 10.21-де оқшауланып, 10.34-те жойылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Айта кетейік, Екібастұзда жергілікті жылу электр орталығындағы бір тәулікке жуық болған апатты жағдай жойылды. Тұрғындар үйлерінде азынаған суық болып, электр жылытқыштарын қосуға мәжбүр болғанын айтып шағымданды.