ЖаңалықтарПікір

Коронавирус бізге не үйретті?

1. Кемедегінің жаны бір. Жер планетасының кезкелген тұсында болған антропогендік апаттар, табиғи катаклизмдер бізді айналып өтпейді. Бай-кедей, білімді-білімсіз, ақ-қара деп бөлмейді.

2. Медиасауаттылық. Мәжбүрлі болса да адамдар жалған ақпарат таратпауға дағдыланды. Интернеттегінің бәрі шын деп қабылдайтын халық енді ақпаратқа күмәнмен қарай бастады.

3. Гигиена. Дистанция сақтамаса аурудың ауа арқылы, қол алысқанда, ортақ заттарды пайдаланғанда тағы басқа жағдайларда оңай жұғатынын. Иммунитет, вирус, микроб, бактерия деген сияқты ұғымдарды кеңірек ұға бастадық.

4. Адаптация. Үйреншікті өмір сүру салтының бір күнде өзгеріп кететінін. Біз қаламасақ та алдағы жоспарымыз күтпеген жағдайларға байланысты орындалмай қалатынын. Ештеңеге қарамай, 24 сағат бойы, мәңгі қызмет көрсететіндей болып тұратын сервистердің істемей қалуы сияқты дүниелер, жаңа жағдайларға тез бейімделуге.

5. Дәстүр. Мыңжылдық өзгерместей дәстүрлер өзгеретінін. Мысалы той-томалақтар онлайн өтуі. Осы уақытқа дейін ақ кебінге оратылып жерленетін жақыныңның денесін өртеуі немесе темір сауытқа салып жерлеуі. Жерлеу рәсіміне ешкімнің келмеуі. Бет сүйісіп амандасудың қауіпке айналуы, тағы сол сияқты мыңдаған үйреншікті салт-дәстүрлердің өзгеретінін.

6. Құндылықтар. Әлемдік экономиканы айтпағанды, қарапайым адамдардың көзқарастарының қайта жүктелуіне түрткі болды. Нағыз және жалған құндылықтарымыздың айырмашылығы айқындала түсті. Ненің шын қымбат, ненің бос дүние екенін түсіндік.

7. Ғылымның маңыздылығы. Ауру тарай бастағаннан-ақ есті адамзат ғалымдардан үміт күтті. Жай күндері қалыпты дүние болып кеткен медицина объектілері, құрал жабдықтар, инженерлік инфрақұрылым, транспорт саласы, тіпті пошта қызметінің қадірін білдік.

8. Бизнес. Бизнестің кей түріне қатты соққы болды. Карантин біткен күнде де осыған дейін жүріп тұрған бизнестің қайта жүріп кетуіне ұзақ уақыт керек. Келісімшарттардың бәрінде жүретін «форс-мажорлық» жағдайда деген бөліміне назар аудартты.

Бәрінен бұрын осы қайта жүктелуден кейін Child free қозғалысы жаңа күшке ие болатындай көрінеді. Екінші, үшінші баланы жоспарлап жүрген отбасылар райынан қайтуы мүмкін. Тез өзгеретін әлемде тұрақтылыққа ешқандай кепілдік жоқ.

Абзал Досым

 

  • орфографикасы мен стилистикасы сақталған
  • дереккөз facebook.com/abzaldossym

 

Back to top button