Елімізге Қытай мен көрші елдерден 27 мыңнан астам адам келген

Қытаймен шекаралас елдерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. 2020 жылдың 6 қаңтарынан 2 ақпан аралығында елімізге 27 мың 448 адам келген, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты.
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пунктілерінің мамандары Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда – 20 мың 613 адамды, теміржол вокзалдарында – 399 жолаушыны тексерді.
«ЖРВИ белгілерімен 80 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылды, оның 39-ы жазылып шықты. Қазір стационарларда 41 адам қалды. Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген» делінген хабарламада.
Республикада терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған.
«Айта кету керек, бұл жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», делінген хабарламада.



