Павлодарда болған жантүршігерлік жол апатының видеосы пайда болды
Павлодарда болған жантүршігерлік жол апатының видеосы пайда болды. Көлік оқиғасынан екі әйел зардап шеккен, олардың бірінің аяғы ауыр болған. Екі жолаушы бір аптадан бері жансақтау бөлімінде жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Оқиға болған сәт автобус салонында орнатылған камераға түсіп қалған. Қарсы бағытта келе жатқан көлік автобустың бүйірінен соғып, соққыдан әйнектері шағылып, ішіндегі темір бағанасы жұлынып кеткен.
Ауыр соққы алған екі жолаушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккен әйелдердің бірі – жүктіліктің 4 айлық мерзімінде болған.
«Біздің бауырымыз апат болған күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Бет сүйектері, мұрны мен жақ сүйектері сынған. Беті жоқ десек те болады, самай сүйегі көзіне әсер етіп тұр ал бұл оның көру жүйесіне әсер ете ме деп қорқамыз. Тамағында түтік тұр, өздігінен демала алмайды. Жарақаттары өте ауыр», – дейді дейді зардап шеккен 34 жастағы әйелдің туыстары.
Ол сол күні ауруханадан үйіне қайтып бара жатқан.
«Олардың айтуынша, жүк көлігі жолаушылар көлігімен соқтығысудан қашып, тіркеменің бүйірімен автобусқа соғылған. Тергеу әлі жүріп жатыр. Алайда біз үшін қазір бастысы бауырымыздың сауығып кеткені. 10 наурызда оған ота жасалады. Бізге алдын ала отаның ауыр өтетінін ескертті. Оның бетін қайта жинайды, сосын қалпына келтірілгеннен кейін пластикалық операция қажет болады», – дейді әйелдің жақындары.
Бет сүйектері сынған 55 жастағы жолаушының жағдайы да ауыр. Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 3 наурызда маршруттық автобустың, МАЗ жүк көлігі және Chery көлігінің соқтығысуы салдарынан орын алған еді. Полиция оқиғаны тексеріп, тиісті сараптамалар тағайындағаны хабарланған.